ҚМГ-нің өндірістік қызметінде өндіріс және тұтыну қалдықтары қалады. ҚМГ компаниялар тобында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар кешені әзірленіп, іске асырылады. Сондай-ақ түзілген және жинақталған қалдықтардың, оның ішінде мердігерлік компаниялар қалдықтарының есебі жүргізіледі, қалдықтарды қалпына келтіргенге немесе жойғанға дейін қауіпсіз жерге жинақталады. 2021 жылы ҚМГ түзілген және жинақталған қалдықтарды қалпына келтіруге арналған шығыстары 12,9 млрд. теңгені құрады.
Қалдықтардың 63%-ы биологиялық әдіспен қайта өңделеді, ал 16%-ы термиялық әдісті қолданады. Қалдықтармен жұмыстың басқа да маңызды тәсілдеріне қайта өңдеу, полигонға жөнелту және қайта пайдалану жатады. Қалдықтарды өңдеу жұмысына мамандандырылған ұйымдар тартылады. ҚМГ компаниялар тобы бойынша айналыстағы қалдықтардың жалпы массасы 2021 жылы 1032,0 мың тоннаны құрады, оның ішінде «қауіпті» деп жіктелген қалдықтар – 964,2 мың тонна, ал «қауіпті емес» қалдықтар тиісінше – 67,8 мың тонна. Жаңадан пайда болған қалдықтар 413,1 мың тоннаны құрады, оның ішінде 93%-ы кәдеге жаратылды немесе өңделді.
Бұрғылау қалдықтарының пайда болуы
2021 жылы ҚМГ-нің өндіруші компаниялары 158,6 мың тонна бұрғылау қалдықтарын түзді. Кәдеге жарату мақсатында ҚМГ тобындағы өндіруші компаниялардың бұрғылау қалдықтарының барлығы мамандандырылған ұйымдарға беріледі. Ұйымдардың қалдықтарды одан әрі кәдеге жаратуы термиялық және химиялық әдістермен, инерттендірумен және биологиялық тазару арқылы жүргізіледі.
Бүгінгі таңда ҚМГ алдында тұрған өзекті міндет – тарихи ластануды жою және мұнаймен ластанған аумақтарды тазарту. Тарихи ластануды түгендеу бойынша зерттеулер жүргізілді, әрбір кен орнының, өңірдің ерекшелігін, климаттық жағдайды ескере отырып, тарихи ластанудың барлық түрлерін жою бойынша жоспарлар әзірленді. Сондай-ақ, 2019 жылғы 6 тамызда Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚМГ арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, оның мақсаты жабдықталмаған шлам жинақтағыштарда (ӨМГ) орналастырылған мұнай қалдықтарын кәдеге жарату/өңдеу және Маңғыстау облысындағы мұнаймен ластанған жерлерді тазарту болды. Мұнайы бар қалдықтарды жою және мұнаймен ластанған жерлерді тазарту жұмыстарын бақылауды күшейту және тиімді ұйымдастыру мақсатында ҚМГ компаниялар тобының ұйымдарында жұмыс тобы құрылды. Жүргізілген жұмыс негізінде мұнаймен ластанған жерлерді қалпына келтірудің тиісті жобалары әзірленіп, мемлекеттік органдармен келісілді, жобалар шеңберінде мұнай қалдықтарын кәдеге жаратудың қауіпсіз әрі тиімді технологиялары іріктеліп, ұсынылды, 2024 жылды қоса алғанда мұнаймен ластанған жерлер қалпына келтірілді.
2019-2021 жылдар кезеңінде қалпына келтірілген мұнай қалдықтарының көлемі – 1,4 млн. тоннаны, оның ішінде меморандум шеңберінде – 1 млн. тоннаны құрады. ММГ, ӨМГ мен ҚБМ тарихи ластануды жою жөніндегі барлық жұмыстарды 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр, ЕМГ және ҚТМ 2022 жылдың соңына дейін келісімшарттық аумақтар шегіндегі тарихи мұнаймен ластанған жерлерді тазарту жөніндегі жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отыр. Ауданы 48 га Өзен-Атырау-Самара магистральды мұнай құбырының 984-985 км учаскелеріндегі тарихи ластанған жерлерді ҚТО қалпына келтірді.
Қалдықтарды қайта өңдеу әдістерін таңдау кезінде қазіргі заманауи технологияларға, оның ішінде қоршаған ортаны қайта ластамайтын технологияларға басымдық берілетінін атап өткен жөн.
Заңнамаға және нормативті құқықтық актілерге сәйкес, белгілі бір келісімшарттардың талаптары бойынша ҚМГ негізгі құралдарды бөлшектеу мен жою және әрбір кен орнындағы жер учаскелерін қалпына келтіру бойынша заңды міндеттемелерді жауапкершілігіне алады. Атап айтқанда, ҚМГ міндеттемелеріне барлық өнімсіз ұңғымаларды біртіндеп жабу және құбырларды, ғимараттарды бұзу және келісімшарт бойынша берілген аумақты қалпына келтіру, сондай-ақ өндірістік учаскедегі пайдаланудан шығару және қоршаған ортаны ластау міндеттемелері сияқты қызметті толығымен тоқтату жөніндегі іс-қимылдар жатады. Компания активтердің шығу міндеттемелерін әрбір келісімшарт бойынша жеке есептейді. 2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша мұнай-газ активтерін жою міндеттемелері 63 млрд теңгені құрады (2020 жылғы 31 желтоқсанда: 65 млрд теңге). Келісімшарттық аумақтарды қалпына келтіру және жою процестері «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VI ҚРЗ кодексімен реттеледі. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес: - жер қойнауын пайдалану салдарын жою жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасына сәйкес жүргізіледі. - Жер қойнауы учаскесін консервациялау жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасына сәйкес жүргізіледі. - Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектерді барлау және өндіру кезінде консервациялау және жою қағидаларында көзделген ұңғымалардың жекелеген санаттарын қоспағанда, технологиялық объектілер жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған технологиялық объектілерді жою немесе консервациялау жобасына сәйкес жойылады немесе консервацияланады, оларды жою немесе консервациялау консервациялау жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Ұңғымаларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 22 мамырдағы № 200 бұйрығымен бекітілген көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіру кезінде консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылы 19 маусымда № 17094 болып тіркелді (4-тарау. Көмірсутектерді барлау және өндіру кезінде әртүрлі мақсаттағы мұнай, газ және айдау ұңғымаларын жою).
Магистральды мұнай құбырлары
2012 жылғы 4 шілдеде күшіне енген «Магистральдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «ҚазТрансОйл» АҚ-тың магистральды құбырды пайдалану аяқталғаннан кейін жою және кейіннен қоршаған ортаны оңалту, оның ішінде жерді қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу бойынша заңды міндеттемелері бар. Құбырларды жою және жерді қалпына келтіру міндеттемесіне резерв ҚМГ бөлшектеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша есептеген құн негізінде бағаланады. 2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚМГ компаниялар тобы резервінің баланс құны Компанияның құбырларын жою және жерлерді қалпына келтіру міндеттемесі бойынша 35 млрд теңге болды (2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша: 114 млрд теңге).